Тек Елорданың өзінде 30-дан астам полицейлер династиясы бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тек Елорданың өзінде 30-дан астам полицейлер династиясы бар

23.06.2019

Елімізде жыл басынан бері қылмыс саны 9 пайызға азайған. Жұма күні Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халықпен есептік кездесуі кезінде осылай деді. Биыл министрлік үлкен өзгерістерді бастап, жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Жалпы бұл ведомства қызметкерлер саны бойынша еліміздегі ең ірі құрылым. 150 мыңға тарта маман бар. Министрлік жемқорлықтың алдын алып, өз мамандарының ісіне адал болуы үшін жаңа бағдарлама әзірлепті. Реформалау кезінде қызметкерлердің саны 10 пайызға дейін қысқартылып, соның есесінен өзгелерінің жалақысы көтерілген. Министрдің айтуынша, осылайша елдегі полицейлердің саны Еуропалық стандарттарға сәйкестендірілген. Бүгін – Қазақстан полициясы күні. Күнмен, түнмен, ауа райымен, уақытпен санаспайтын осы бір мамандық иелерінің мойнындағы  жауапкершілік пен жанкештілікті көбіміз ескере де, сезіне де бермейміз. Қатаң тәртіп пен мезгілсіз жұмысты кез-келген жанның қатар  алып жүре алмасы анық. Бірақ, мәртебелі мамандықты атадан балаға жылдар бойы жалғап келе жатқан әулеттер көп бізде. Мәселен, тек елорданың өзінде 30-дан астам полицейлер династиясы бар екен. Олар Отан алдында адал қызмет етуді ұрпақтан ұрпаққа ұлағат етіп келеді.  Олардың тәжірибесі тұтас полиция мектебін құрап отыр деуге де болады. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз - тәртіп сақшысы болуды әулетімен абыройлы міндет санайды. 

 

Хабарламаларға жазылу