Кенезесі кеуіп, тіпті шөлейтке айнала бастаған теңізді қалпына келтіру — бұрын-соңды ешбір елде болмаған іс. Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асырылған САРАТС-1 жобасы көз ұшынан алыстап кеткен теңізді халықпен қайта қауыштырды. Жаһандық жобаның нәтижесінде Аралда қайтадан балық тулады, шағала шулады. Теңіздің теріскей бетінен бой көтерген Көкарал бөгеті елге ризық әкелді. Жергілікті тұрғындар ата кәсіпке оралды, осылайша тіршілік жанданды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2005 жылы Аралдан 300 тонна балық ауланса, бүгінде бұл 20 есеге артты. Бірақ, осыдан 13 жыл бұрын салынған бөгет қазір ескірген. Одан бөлек гидро-қондырғыны салу кезінде кеткен қателіктерден экологияға зардап келіп жатыр. Теңізді жағалай қоныстанған жұрт бұған қатты алаңдаулы. Себебі, су айдындарында балық жоғалса, тіршілік тоқтайды.