Күні кеше дүркіреп сайлау өтті, енді нақты істердің уақыты келді. «Уәде — ердің опасы!» деген сөз бар қазақта. Үлкен науқаннан кейін сөзсіз іргелі міндеттер кезеңі басталады. Себебі, айтылған сөз – атылған оқ, һәм уәдеге беріктік ұлы ұғым. Билік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруға жұмыла кірісіп кетті. Мемлекет басшысы осы орайда бір-ер күн бұрын Қазақстандық қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртуға бағытталған реформаларды тиімді іске асыруды көздейтін арнайы жарлыққа қол қойды. Сайлауалды бағдарламасы және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында жиналған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары бекітілді. Жауапкершілігі зор шаралардың орындалуын тікелей Президент Әкімшілігі бақылайды. Ең бастысы — Елбасының стратегеялық саясаты жалғасады. Бүгінгі қоғамның басты талап-тілегі мен сұранысы мұқият зерттеліп, шешімін күткен 10 негізгі бағыт белгіленді. Бас партия «Нұр Отан» болып, тиісті органдар оны жүзеге асыруды бастады.