Халықаралық ұйымдар мен шетелдерден Президенттік сайлауға куә болуға келетіндердің қарасы арта түсті. Осы апта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 22 байқаушысы Орталық сайлау комиссиясының аккредитациясынан өтті. Бұған дейінгі тіркелген 4 халықаралық ұйым байқаушыларын қосқанда, сайлау барысын бақылаушылар саны 67-ге жетті. Байқаушыларды тіркеу жұмыстары 3 маусымға дейін жалғасады.
Жалпы, 2015 жылы өткен президент сайлауына шет мемлекеттер мен әртүрлі ұйымдардан 1024 байқаушы келген болатын. Саяси науқанның ашық әрі таза өтуін қадағалауға келетіндер саны биыл да сол шамада болады деп болжанып отыр. Осы жерде ТМД Парламентаралық ассамблеясының халықаралық бақылаушыларының «сайлау үдерісі ашық өтіп жатыр» деп баға бергенін айта кеткен абзал. Орталық сайлау комиссиясында болған олар мониторинг екі кезеңде жүргізілетінін айтты. Қысқа мерзімдісі еліміздің 6 өңірін қамтыса, ұзақ мерзімдісі 9 облысты бақылайды.
Сонымен қатар, бұл жолы сайлаушылар кез келген учаскеге барып, дауыс беруге жол ашылды. Сайлау күні тұрғылықты жеріндегі сайлау учаскесіне баруға мүмкіндігі жоқ яки түрлі себептермен орын ауыстырған азаматтар осылайша сайлауға қатыса алады. Ол үшін сайлаушының қолында дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі болуы тиіс.
Ержан ҚАЛЫМБАЙ