Фашистер бомбалаған қазақ ауылдары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Фашистер бомбалаған қазақ ауылдары

12.05.2019

ІІ Дүниежүзілік соғыс тарихында фашистер бомбалаған қазақ ауылдары туралы естуіңіз бар ма?

Гитлер басқыншыларының зұлмат-зобалаңын көрген елді мекендер – мына Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шекаралас жатқан Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандары. Дәлірегі, Сайқын, Шоңай, Жәнібек ауылдары.

1941 жылдың соңында Мәскеу түбінде ойсырай жеңілген фашистер өшпенділігі тіптен күшейіп, көздері қанталап, Сталинградты басып алуға бекінеді. Өйткені бұл қала Сталиннің атымен аталды. Сөйтіп, 1942 жылдың жазында жау Еділ өзеніне жақындады. Осылайша 12 шілдеде Сталинград майданы құрылды. Артынша 200 отты күндер мен түндерге созылған қанды шайқас басталды. Ал, жаңағы Сайқын, Шоңай, Жәнібек ауылдары Сталинград майданының ең жақын тылы болды. Сталинград – қазіргі Волгоград қаласы. Шойынжолдың бойында жатқан бұл станцияларға соғыс жылдары 11 рет жеке-жеке, 22 рет топ-тобымен 538 бомба тасталған. Қанша адамның қырылғаны белгісіз. Әлі күнге жер астынан адам сүйектері мен мина, снаряд қалдықтары табылып жатыр.

Сонымен, қазақ ауылдары неге фашистердің нысанасына айналды? Ауыл маңындағы бауырластар зиратында кімдер жатыр? Соғысқа куә тарихи мекенді көзбен көру үшін қазір таспагерім Бахтияр Омар екеуміз Батыс Қазақстан облысына сапарладық.

Хабарламаларға жазылу