ІІ Дүниежүзілік соғыстың зардаптары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІ Дүниежүзілік соғыстың зардаптары

12.05.2019

Осы апта жарты әлем ІІ Дүниежүзілік соғысты еске алды, Жеңіс күнін атап өтті. Шартарапты шарпыған бұл шайқастың аяқталғанына биыл - 74 жыл. 

Қаралы қағаз жіберіп,

Қаншама қайғы салды оқтар.

Барады үнсіз түнеріп,

Соғыстан қайтқан солдаттар!

Ақын Сырбай Мәуленовтің қан төгіс майданнан оралған солдаттарға өлеңмен орнатқан ескерткіші еді бұл. Сол соғыс салған лаңнан аза шекпеген елдер аз.

Қазақ қана емес, әлемнің 61 елі қатысқан ІІ Дүниежүзілік соғыста 70 миллионнан астам адам мерт болған. Дегенмен, жалпы халықтың санына шаққанда, дәл қазақтай қырғынға ұшыраған ел кемде-кем шығар. Ойлап қараңыздар, бас-аяғы 4 миллионға жетер-жетпес халқы бар Қазақстаннан 1418 күнге созылған қанды қырғынға 1,5 миллионнан астам азамат қатысты. Олардың 600 мыңнан астамы оққа ұшты. Ерліктері еленген 500-і Кеңес Одағының Батыры атанды.

271 503 жауынгер хабар-ошарсыз кетті. 42 766 сарбаз алған жарақаттарынан жазылмай госпитальдарда о дүниелік болған. 7 046 адам тұтқынға түсіп, ақыры сол жақтан оралмады. Қазақтың қыздары да бұл соғыста ерекше ерлік көрсетіп, аттары аңызға айналды. Жалпы саны 5183 қыз-ке­лін­­шек соғысқа қатысқан. 

Әрине, соғыс болғаннан кейін жеңген бар, жеңілген бар. Құрбандар саны фашистік Германиядан әлденеше көп болғанмен, Кеңес Одағы жеңіске жетті. Біз жеңіскер ұлттың ұрпағымыз. Бірақ жеңіс бізде деп желпінгеніміз, осынау мерекеге жеңіл-желпі қарағанымыз болмас. Бұл - бабалардың қанымен, ананың көз жасы, табан ақы маңдай терімен келген жеңіс. Талай боздақ жат жерде жан тапсырды. Ішінде Баубектей ақыны да, Рамазан Елебаевтай композиторы да, әншісі де, ғалымы да бар еді. Демек, небір Абай мен Шоқандар немістің оғына байланып кете барды. Қысқасы, 37-ші жылғы репресиядан кейін ұлттық генофондымызды тағы бір ойсыратып алғанымыз шындық. Сондықтан 9 мамыр күнтізбеде қызылмен белгіленіп тұрғанмен, оның қаралы көлеңкесі барын ұмытпайық.

Хабарламаларға жазылу