Қазақстандықтар қандай дәрі-дәрмекті тегін ала алады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар қандай дәрі-дәрмекті тегін ала алады?

05.05.2019

Бізде науқастарға берілетін тегін дәрінің төңірегінде бітпейтін тартыс бар. Ақысыз берілуі тиіс препараттардың бәрі бірдей иесіне уақытылы жете бермейді. Сырқаттар өздері сатып ала салатындай, бағасы да арзан емес. Тағдыры тікелей дәріге тәуелді болғандықтан, кей науқастардың тегін дәріні апталап, айлап күтуіне тура келеді. Ал, емдеу мекемелері мұның себебін тендерден көріп, өздеріне шаң жуытпайды.

Мемлекеттік сатып алуды тендерге таңып қойғалы осы бір шетін мәселені ешбір министр шеше алмай келеді. Қысқасы, саладағы жүйесіздік талайды аздырды, бордай тоздырды. Ал таяуда Денсаулық сақтау министрлігі жаға ұстатар жаңалықтың шетін қылтитты. Еліміздің 11 өңірінде өткен жылдары 4,5 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі пайдаланылмай қалып қойған. Ең сорақысы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай ақпараттық жүйесінде «аталған препараттар науқастарға берілді» деп көрсетілген. Ал, одан да сорақысы - ауыр дертке шалдыққандарға тиесілі дәрілер жекеменшік дәріханаларда саудаға салынып келген. Қаза берсең, небір былық-шылықтың бырқ етері анық.

Негізі, бізде тегін медициналық көмектің кепілді көлемі бекітілген. Бірақ, халық соның аясында не бар, не жоғын, қандай көмек алуға құқылы екенін білмейді, қаперге ілмейді. Сонда міндетті әлеуметтік медициналық қорға бөлінетін қаржының қызығын кім көріп отыр? Жұрт қандай дәрі-дәрмекті тегін ала алады? Шырқыратқан дәрі мәселесін Шынар Асанқызы зерттеп көрді.

Хабарламаларға жазылу