«Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Би Әбдісағын туралы не білеміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Би Әбдісағын туралы не білеміз?

28.04.2019

Қазақ сахарасы дәулескер күйші, дүлдүл ақын, бұлбұл әнші, даңқты сазгер, қысқасы дауылпаз өнерпаздардан кенде емес. Расында көмейіне жыр тұнған қазақтың көгінде ән, көкжиегінде күй қалықтамауы мүмкін емес. Әйтпесе бергісі көрші отырған орыс, арғысы Батыстың кіл мықтылары қазақ даласы ән салып тұрғандай деп бас шұлғып, тамсанбаса керек. Демек, қазақтың бойындағы музыкалық өнер халық композиторларының сонау замандардағы шығармаларынан бастау алып, күні бүгінге дейін саф күйінде сақталып келеді. Сақталып қана қалмай, замана көшіне ілесіп жаһан жұртын таңдандырып, таңдай қаққызудан танған емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін Париж төрінде ән салған Әміреден ары бармай, күміс көмей, жезтаңдай әншілердің әрқайсысынан бері қалмай осы қазір ортамызда жүрген бір Димаштың өзін айтсақ, жетіп жатқан секілді. Қалай мақтасаң да, қалай мақтансаңда жарасады. Сондай өнерпаздардың бірі - Рахат-Би Әбдісағын.

Қаршадайынан күй сандықтың құлағында ойнайтын ол жиырмаға жетпей жатып, жер жүзін мойындатты. Қазір оны әлем халқы «Қазақтың Моцарты» деп атайды. Бекер емес. Ол қазірдің өзінде ондаған музыкалық шығармалар жазып, оны әлемге әйгілі сахналарда орындап жүр. Өзі бір емес, екі емес, үш емес, сегіз жұрттың тілінде еркін сөйлейді. 

Хабарламаларға жазылу