Осы аптада Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезі өтті

28.04.2019

Қыр астынан сайлаудың күбірі естіліп, кейін дүбірі естіліп, артынша мерзімі анықталғалы, саясат сахнасындағы көріністердің көкжиегі көріне бастады. Әсіресе, еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің біразы өздерінің кезекті кеңес-құрылтайларын өткізіп, саяси аламанға үкілеп қоспақ үміткерлердің аты-жөндерін жария етті. Тіпті олардың алды, өз кандидаттарын Орталық сайлау комиссиясына ұсынып, ондағылар тіркелуге ниеттілердің тіл білімін тексеріп, алдағы сынның алғашқы емтихандары да басталды.

Апта басында Nur Otan партиясы өзінің кезектен тыс XIX съезін өткізіп, партия төрағасы, Тұңғыш Президент - Елбасы алдағы президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат ретінде ұсынды. Байтақ елдің бар аймағы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан құрылтайға келген 1,5 мыңға жуық делегат Кемелұлының келешегіне сеніп, оның кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Ал, өз кезегінде Тұңғыш Президент, Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды алдағы саяси науқанға бір әулеттің баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып, белсенді атсалысуға шақырды.

Әзірге саяси науқанның үгіт-насихаты басталмағандықтан, Президенттіктен үміткерлердің сайлауалды тұғырнамалары жарияла қойған жоқ. Дегенмен, билік сабақтастығын бейбіт, берекелі жолымен жалғастыруды таңдаған жұрт ең маңыздысы, елдің тыныштығы дегенді қазір көп айтып жүр. Демек, береке, бірлік, келісім, ең асыл іс ел үшін болу керектігі алдағы сайлауға қатысатын кандидаттар мен саяси партиялардың барлығына ортақ сын болмақ.

Хабарламаларға жазылу