Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті

28.04.2019

Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған Ұлы Жібек жолы өз заманында әлемдік сауда-саттықтың бүлкілдеген күретамыры болды. Жиһандық дипломатияның дәнегіне айналды. Тек қана сауда-саттықтың емес, мәдени диалогтың қайнар бастауы еді. Қысқасы, Жібек жолы ықылым заманнан Еуразия кеңістігіндегі мәдени, экономикалық һәм саяси-әлеуметтік қарым-қатынастардың алтын арқауы болды.

Тоғыз жолдың торабындағы Қазақ елі дәл осы Жібек жолы арқылы дамып, күш-қуаты артып сусындап отырды. Кейін бірнеше ғасыр бойы арасы суыған Батыс пен Шығыс бір-бірінен алшақтап, күре жолды шаң басты. Дегенмен, сол ажырап қалған елдердің бүгінде экономикалық алыс-берісі мен барыс-келісі жанданып келеді, қоңсылас Қытайдың әлемдік экономиканың шылбырын ұстауы - қазақ сахарасының транзиттік тамырына қайта қан жүгіртті. Қош.

Осы аптаның салмағы атан түйеге жүк болар жиыны Қытай астанасы Бейжіңде өтті. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының алты жылғы жұмысы қорытындыланып, Жібек жолын әрі қарай жаңғырту шаралары қабылданады. Қазақтың елі осы алты жылда бұл жобаның негізгі ойыншысына айналды. Сандарды сөйлетсек. Осы мерзім ішінде жобаға қатысып жатқан 140 елмен 283 келісімге қол қойылған. Ал, мемлекеттер арасындағы өзара тауар айналым 64 млрд теңгеге жетті.

37 елдің көшбасшысы қатысқан форумға Елбасы Н.Назарбаев та арнайы барды. Сапар аясында жуан елдің жетекшісімен кездесті. Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа екі елдің достығын нығайтуға атсалысқаны үшін Қытайдың ең жоғарғы марапаты «Достық» орденін табыс етті. Сонымен кешегі Ұлы Жібек жолының жалғасы - бүгінгі «Бір белдеу, бір жол» жобасының қазіргі тартымы мен қарқыны қандай? Дулат Жексенбайдың репортажы.

Хабарламаларға жазылу