Баланың мектеп бітіруі қаншаға шығып жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баланың мектеп бітіруі қаншаға шығып жатыр?

21.04.2019

Украинада саяси бәсеке. Ал, біздегі бәсекенің бәсі бөлек.  Ол бір-екі айдан соң басталатын түлектердің мектеп бітіру кеші. Мал шашу мен мақтангерлік тойға да, ойға да, бойға да сіңді. «Бәленінші мектеп кешті дүркіретіп мейрамханада, күркіретіп түнгі клубта өткізіпті, түгенінші мектеп отшашу жасапты, бәленшелердің кешіне түгенше деген әнші кепті деген дақпырт даңғойлық пен дарақылыққа ұрындырып жатыр.

Қаладағы кей мектептің түлектері арысы Әмірліктерге, Дубайға, берісі Түркияға барып та келеді екен. Оны да естіп жүрміз. Әйтеуір, басқасын қарқ қылмасақ та, кез-келген сылтауды тойға айналдырудан қамшы салдырмайтын болдық.

Бұл мәселе министр де алаңдатады екен. Осы апта Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова түлектер кешіне артық ақша шашып, аста-төк отырыс жасаудың орынсыз екенін айтты. Министрдің ұстанымы бойынша, түлектер кеші бұрынғыдай мектеп аумағында өткізілсе, міне, нағыз мектеппен қоштасу кеші сол болмақ.

Күләш Шәмшидинова біздің Ұлттық арнаға келіп, арнайы сұқбат бергенде де, осы мәселеге ерекше тоқталды. Баланың мектеп бітіруі қаншаға шығып жатыр? Кешті қарапайым өткізуге шәкірттер мен ата-ана, ұстаздар әзір ме? Бәсекеге айналған мәселесін тілшіміз Айнұр Омар зерттеді.

Қайбір жылы Сербиядағы түлектер «мектеппен қоштасу» кешіне қымбат киім киюден бас тартып, «біркиер көйлек алар қаражатты ысырап қылғанша, сырқат балаларға берейік» деп шешіп, ақылды әрекеттерімен көпті тәнті қылған еді.

Ойланатын дүние. Қадірлі көрермен, көсіле шауып, осы тұстан тізгінді тарттық. Сәйгүліктей сайланып, келер жексенбінің кешінде келеміз. Апталықтар амандықтарыңызды тілейді.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу