Қазақ пен өзбектің ілкіден ішек-қарны аралас, туыстығы тереңнен тамыр тартады. «Өзбек - өз ағам, сарт - садағам»,- дейтін қазақ пен «жолдасың қазақ болса, жолдан адаспайсың», дейтін өзбектің ниет-тілегі екі ұлттың бір-бірімен ертеден бауырлас екенін аңғартса керек.
Осы апта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мінген ұшақ Өзбекстан астанасы Ташкентке ұшып барды. Алғашқы мемлекеттік сапар. Ол жайында сәл кейін. Негізі терезесі тең, алды кең, мені кем туыстар азаттық алған күннен бастап бір-біріне құрақ ұшып, құшақ ашпаса да, ағайынның арасында араздасатындай алаң дүние болған жоқ.
Тек бұрнағы жылдары марқұм, Ислам әкә Кәрімов мырзаның ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі, ЕурАзЭС секілді топтарға томсырая қарап, інілік ізетпен бұртиып, ренжіңкірегені болмаса, бас жарылып, көз шықпағаны айдан анық. Азаттық алғаннан кейінгі Қазақ пен Өзбектің алғаш құжат бекітіп, қол алысқан келісімі 1992 жылдың 24 маусымында қабылданды.
Содан бері екі ұлт ортақ мұрат-мүддеге ұйысты. Шекаралары шегенделді. Экономикалық байланыс бекемделді. Сауда қызып, мәдени-гуманитарлық саланың көкжиегі кеңіді. Геосаясатта бірін-бірі қолдап, тілеулес болды. Ал билік басына 61 жастағы Шавкат Мирзиеев келгелі, қазақ-өзбек қатынасының жаңа дәуірі басталды. Ағайын арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс артты.
Қош, енді кешегі сапар туралы. Тұңғыш рет мемлекеттік сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты өзбек билігі сән салтанатпен қарсы алды. Көксарай резиденциясында ресми жорылғылар жасалып, қарауыл басы біздің президентке құрмет көрсетті. Иә, ағайын жақсы болса ырысың, көршің жақсы болса тынысың. Осы ырыстың тасып, тыныстың кемері асып төгілгеніне көз тимесін, төңірек түгел куә.
Былтыр өзбек ағайынның қазақ жеріндегі жылы - көптен жылымық болып жатқан мұздың көбесін сөксе, биыл қазақтың Өзбекстандағы жылы - сол жылымға шуағын төкті. Оған екі елдің де екінші Президенттерінің осы Ташкент төріндегі жылы-шырай, жүзі жарқын кездесулері дәлел. Ендеше ала шапанды ағайынның Алашқа деген алабөтен ағайындық ниеті туралы Д.Жексенбайұлы толғасын.
Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ