«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі сәуірдің 23-інде өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі сәуірдің 23-інде өтеді

14.04.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының кезектен тыс құрылтайын сәуірдің 23-інде өткізу туралы қаулыға қол қойды. Құрылтайда билік партиясы президент сайлауына өз үміткерін ұсынып, саяси науқанға дайындықты пысықтайды.

Сәрсенбіде партия төрағасы саяси ұйымның бас кеңсесіне барып, үлкен жиын өткізді. Ірі саяси күшке айналған партияның стратегиялық міндеттерін жіктеп-жіліктеп, Еділ мен Алтай арасындағы ағайынға елдегі соңғы саяси оқиғаларға қатысты ойын жеткізді.

Тұңғыш Президент саяси бәйгеге партияның бас кеңсесі мен ауыл-аймақтағы бөлімшелері белсенді атсалысуы керек екенін айтып, тапсырма берді. Елбасы ендігіде партия қызметіне кең көңіл бөліп, оның ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарын жүзеге асырумен айналысатынын жеткізді. Алдағы ірі шаруаның бірі - партия аппараты 1 қыркүйекке дейін республикалық кадрлық резерв жасақтап, оны Елбасының қарауына енгізуі тиіс. Осылайша «Nur Otan» мемлекеттік басқару жүйесі үшін кадр дайындайтын негізгі құрылымға айналмақшы. Назарбаев бұдан бөлек жауаптыларға партиялық төрт жобаны жандандыруды тапсырды.

 

Хабарламаларға жазылу