Саясатты сары қымыздай сапырып, жауырын ашатын жандар тағы жаңылды. Жаңылды дегенде де, елдегі соңғы саяси өзгерістер мен сайлауға қатысты әңгімені сан-саққа жүгіртіп, болжам жасағандар саяси аламан биыл желтоқсанда өтеді деп топшылаған. Бірақ гу-гу әңгіменің тоқетерін ел Президенті Тоқаевтың өзі ашып айтты. Сейсенбіде халыққа арнайы Үндеу жариялап, басы ашық мәселені соза берсе, тоза беретінін мәлімдеді.
Маңызды тақырыпты бықсытпай, бірден маздатуға себеп те жоқ емес. Өйткені төрткүл дүние дүрбелеңді бастан өткеріп жатқан шақта, томаға-тұйық тосылып отыруға болмайды. Оның үстіне, жақын көрші, алыс аралас түгел бізге көз тігіп отыр. Тәуелсіздік жылдары төгілген тер текке кетпес үшін жаһан саясатының сахнасындағы бейбіт әрі бітімгерлік миссияны жалғастырып, қалыптасқан инвеститциялық климатты кір шалмаса керек-ті.
Сонымен саумал жазға салмағы зіл батпан шалма тасталды. Елде кезекті саяси науқан басталды. Билік транзитінің бүліксіз, ең бастысы Ата заңның талаптарына сай ауысуы - біз бен сіздің маңдайымызға бітер алтын емес пе?! Әйтпесе дәл осы сайлауды сылтау етіп, алатайдай бүлінген елдердің бүгінгі тірлігі әмбеге аян. Осылайша елде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол күні өзінің арнайы Жарлығымен бекітті.