Енді ресми қабылдауларды да ретімен шолып өтейін. Елбасы бейсенбі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Кездесуде Түймебаев Елбасыға Ассамблеяның XХVII сессиясына дайындық барысы туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев алдағы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырудың мән-маңызына тоқталып, Ассамблеяның 25 жылдығын атап өтуге қатысты әзірлік жұмыстарын уақтылы жүргізу қажеттігін айтты.
Одан кейін Елбасы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Досаев валюта-қаржы нарығындағы қазіргі ахуал жөнінде баяндады. Елбасы мұнай бағасының өсіп келе жатқанын айтып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды сапалы жалғастыруға пәрмен берді. Бас банкирдің айтуынша, елімізде қаржы секторы тұрақты, теңге бағамы да қалыпты жағдайда.
Ал, жұма күні Елбасы Халықаралық Түркі академиясының президентін қабылдады. Кездесуде Дархан Қыдырәлі «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалардың негізгі бағыттарының жүзеге асырылу барысы жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі Елбасыға түркі әлемінің тарихына және тәуелсіз Қазақстанның дамуына арналған бірнеше кітап пен туындыны таныстырды.