Қызылорда облысында әскери тікұшақ құлап, 13 адам қаза тапты

31.03.2019

Кесе-көлденең, қайғы-кесапат деген аяқ астынан. 27 наурыз күні Қызылорда облысының Жалағаш ауданы маңында Ми-8 тікұшағы құлап, жанып кетті. Ақтау қаласынан Шымкентке бағыт алған 4 тікұшақтың біреуі осылайша орта жолда қалды. Ауа райының қолайсыздығы да әсер етті ме екен, әскери техника апатқа ұшырады. Өкінішке қарай, тікұшақ бортындағы 13 әскери қызметші түгел қаза болды.

Естеріңізде болса, дәл осындай тікұшақ апаты 2008 жылдың 28 ақпанында Қызылорданың дәл осы Жалағаш елді мекенінің маңында болған еді. Ми-8 тікұшағы көктемгі су тасқыны қауіпін қадағалау үшін Сырдария өзенінің төңірегін аралауға ұшып шығып, жерге құлайды. Сол жолы 3 экипаж мүшесі мен 15 жолаушының 5-еуі қаза тапқан еді. Орыстың әуе көлігі Ми-8 Ресейде де жиі апатқа ұшырайды екен. Оқиға орнына барған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев апат жағдайы анықталғанға дейін Қарулы Күштерде Ми-8 үлгісіндегі тікұшақтардың ұшуын тоқтатуға тапсырма берді. Бүгін боздақтарымыз аруланып, жер қойнына тапсырылды.

Хабарламаларға жазылу