Батыс Қазақстандағы тікұшақ апаты неден болды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстандағы тікұшақ апаты неден болды?

26.02.2023

Ақпанның 23-і күні «Казавиақұтқару»-дың Ми-8 тікұшағы төтенше жағдайда қонып, 4 адам қаза тапты. Олар: ұшақ командирі Дәулетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, бортинженер Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев. Тікұшақта болған тағы екі адам «Казавиақұтқару» инженері мен «Қазтрансойл»-дың желілік құбыр операторы түрлі дене жарақатымен Орал қаласындағы қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілген.

Апат болған жер мынау: Оралдан 54 км қашықтықта Чапурино ауылының маңы. Хронологиясына тоқталсақ: ТЖМ-нің мәліметінше, Ми-8 сағат 10:40-та «ҚазТрансОйл» тапсырысы бойынша Атыраудан ұшып шыққан. Бортта 6 адам – 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл»-дың 1 өкілі болған. Кейін сағат 15:48-де Дағдарысты басқару орталығына тікұшақтың апатты жағдайда қонғаны хабарланған.

Төтенше жағдайдың себебі әзірге белгісіз. Белгілісі: сол күні қатты боран соғып тұрған. Бірақ ТЖМ тікұшақ қонғанда ауа райы қолайлы болғанын айтады. Әуе кемесінің техникалық жағдайы мен экипаж біліктілігіне қатысты да күмән келтірмей отыр. Тікұшақ жаңа әрі сақтандырылған. 2021 жылы шығарылып, 2022 жылдың мамырында ұшуға жарамдылық сертификаты берілген көрінеді. Сонда апат неден болды? Бұл сұраққа әзірге жауап жоқ. 

Ми-8 - әлемдегі ең массивті қос қозғалтқышты тікұшақ. Ол 50-ден астам елде азаматтық және әскери міндеттерді орындау үшін кеңінен қолданылады. Тікұшақ 32 адам және 4 мың тонна жүкті көтере алады. Тікұшағы апатқа ұшыраған «Қазавиақұтқаруда» Ми-8 моделінің 9 данасы бар екен. Жалпы, авипаркінде - 31 тікұшақ. Қазақстанда бұл тікұшақпен болған апаттар аз емес. Оның ішінде адам өлімімен аяқталғандарына тоқталайық.

2008 жылдың ақпанында Қызылорда облысының Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағы құлаған еді. Ол кезде бортта 15 адам болған. 5 адам қаза тапқан. 2009 жылы қыркүйекте қазақ-өзбек шекарасының маңында, Өгем шатқалында Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасы «Арлан» барлау-іздеу тобының МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Ол кезде іште 13 адам болған. 10-ы қаза тапқан. 2010 жылы 12 наурызда Төтенше жағдайлар министрлігінің МИ-8Т санитарлық тікұшағы Шығыс Қазақстан облысында апатқа ұшырады. Құтқарушылар Үржар ауруханасында жатқан 1 науқас пен бірнеше босанған әйелді Мақаншы ауылына жеткізу үшін ұшып шыққан. Бортта 8 адамның барлығы қайтыс болды.2012 жылы 29 қарашада Алматы облысының аумағында «Еуро-Азия Эйр» компаниясына тиесілі МИ-8 тікұшағының қалдықтары табылды. Борттағы 8 адамның барлығы қаза тапты. Апаттың себебін анықтау үшін 2 жыл уақыт кетті. Комиссия «бұл оқиға тікұшақ командирінің қателігінен болған» деген қорытынды жасады.

2019 жылы 27 наурызда Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданының маңында Қазақстан Әскери әуе күштеріне тиіселі МИ-8 тікұшағы құлады. 13 әскери қызметші қаза тапқан. Тексеру қорытындысына сәйкес, бұл апатқа тікұшақтағы техникалық ақау себеп болған.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі осы аптадағы оқиғадан кейін қолданыстағы барлық Ми-8 тікұшақтарын тексеруді жөн көріп отыр.


Хабарламаларға жазылу