1 сәуірден бастап тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар әлеуметтік көмек алады

10.03.2019

Бақыт - балалы үйге қонады. Арулардың мойнына артылған ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікпен пара-пар дүние. Түптеп келгенде, көп балалы отбасы – береке мен бірліктің ұйыған жері. Ал енді даласы даңғайыр, алайда, халық саны аз, демографиясы әлсіздеу Қазақиядай елде алтынқұрсақты аналарға қаншалықты, қай дәрежеде көмек көрсетіліп жатыр. Мәселе осында. Сандарды сөйлетсек. Қазақ елінде бүгінде 340377 көп балалы отбасы бар. Алғашты бестіктің көшін берекелі Түркістан облысы бастап тұр. Өңірде 86585 отбасы тіркелген. Одан кейінгі орынға Алматы облысы жайғасқан. 40218 отбасы. Жамбыл облысында 30040, Шымкент қаласында 27091, Сырдың бойы Қызылорда өңірінде 23551 отбасы бар. Ең төмен көрсеткіш Павлодар облысында. 5174 отбасы. Қостанай өңірінде 5086, ал Солтүстік Қазақстан облысында көп балалы 3183 отбасы тіркелген.

Енді Қазақ еліндегі қал-ахуалы қоңыртөбел көп балалы отбасылардың жағдайы биліктің үнемі назарында болады. Осы аптаның үлкен жаңалығы - тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар алдағы 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмек алады. Осы апта әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға арналған Ақордадағы кеңесте Мемлекет басшысы осылай деп  мәлімдеді. Елбасы Премьер-министр Асқар Маминге «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезінде берілген тапсырмалардың дер кезінде орындалуын, аймақтағы әкімдердің жұмысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жадыңызға салайын, 27 ақпанда партия жиынында Назарбаев «мемлекет бюджетінің 45 пайызын әлеуметтік салаға жұмсауды» тапсырған еді. Өз кезегінде, Мәмин басқаратын жаңа үкімет әлеуметтік төлемдер әрбір жағдайы төмен отбасына жетуі үшін  арнайы жүйенің құрылғанын айтты және ол бюрокаратиялық кедергісіз болады-деп сендірді.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу