Елімізде браконьерлерге жаза күшейтілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде браконьерлерге жаза күшейтілмек

10.03.2019

Браконьерлер айылдарын жияр емес, тәбеттерін тыяр емес. Тіпті 4 жылда оларға қатысты 539 қылмыстық іс қозғалса да, 29 адам ғана жауапқа тартылған. Тұтылғандар басқа, ісі сотқа жетпей құтылғандар қаншама. Екі аяқты жыртқыштар киелі жануарларды жалмап қана қоймай, табиғат сақшыларының өздеріне шабуыл жасаудан тайынбайтынын Баршын ауылындағы бар шындықтан білдік. Ал ешбір заңмен қорғалмаған қорықшылар мәселенің оң шешілетініне күмәнмен қарайды.  Себебі, жалақылары көтерілмек түгілі, техникалық жағынан да қамтылмаған олар. Құқық қорғау органдарына жіберілген 15 істің біреуі ғана қаралса, қалғанының тағдыры белгісіз күйде. Яғни, бұл жерде мүдделі топтардың да бары сөзсіз. Қазір қара базарда ақбөкеннің мүйізінің келісі 2 мың еуро тұрады. Тәбет қалай тоят тапсын. «Жануарлар дүниесін қорғау туралы» заң түзетілгенімен, аңшылар есіріп жүр. Қысқасы, жазаны күшейтпесе болмайды. Әлемдік тәжірибеде былай екен: Мысалы, Иранда қара уылдырық сатқан адамның басы кесіледі. Көрші Ресейде де ұсталғандар оңай құтылмайды, заң қатал. Енді еліміздің, жеріміздің байлығын жалмауыздай жалмаған браконьерлер үшін айыппұл шартты жаза деген болмайды. Тек бас бостандығынан айырып, қалпағын қайырып, түрмеге қамау көзделіп отыр.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу