Жаңадан жасақталған Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бірден кірісіп кетті. Кеше Премьер-Министр Астана қаласына жақын маңда орналасқан елді мекендерді аралады. Онда Асқар Мамин елорданың шеткері аймақтарында тұратын жұртшылықтың мәселелерін шешу барысымен танысып, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту жайын тексерді.
Пригородный тұрғын үй кешенін тексеру кезінде Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Елорданы дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру барысы туралы баяндады. Сонымен қатар, Асқар Мамин Астана қаласы мен Ақмола облысының шекарасында тұратын азаматтардың баспана жағдайларының дамуымен танысты. Ильинка тұрғын алабында дәрігер амбулаториясы мен №6 мектеп тексерілді. Өз кезегінде, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Қараөткел ауылын Астана қаласының теңгеріміне беру жайы туралы, Қоянды кентін дамыту және Целиноград ауданы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарын іске асыру жөнінде баяндады. Бұдан өзге, Байқоңыр ауданындағы «Өндіріс» тұрғын алабы, атап айтқанда 120 бала білім алатын балабақша, №12 бастауыш мектеп тексерілді. Елорданың шеткері аймақтарын аралап шыққан соң Асқар Мамин Қоянды ауылына ат басын бұрды. Елді мекенде медициналық қызметтерді сапалы ұсыну мақсатында 2500 адамға шақталған отбасылық денсаулық сақтау орталығы жұмыс істейді. Асқар Мамин жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Астана, Ақмола облыстарының әкімдеріне және тиісті министрліктерге бірқатар нақты тапсырма берді.