Апта басында биліктің биік дәлізінде бірқатар ауыс-түйіс болды. Ішкі істер министрінің орынтағында тапжылмай 8 жыл отырған Қалмұханбет Қасымов сейсенбі күні орнын босатты. Ішкі істер саласын 2011 жылдың сәуірінен бүгінге дейін басқарған экс-министрді Мемлекет басшысы өзіне көмекші – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындады.
Қасымов ішкі істер саласын реформалауға кірісуімен есте қалды. Полицейлердің қызметтік киімін жаңартып, өзгерісті формадан бастап еді. Ал, Ішкі істер департаменттерін Полиция департаменті деп ауыстырды. Төтенше жағдай қызметін министрлік құрамына қосып алды. Сондай-ақ, Қасымовтың кезінде сақшылар ала таяқсыз қалып еді. Енді оның аяқталмаған реформасын 57 жастағы Ерлан Тұрғымбаев жалғастырады. Ол енді осы аптадан бастап Ішкі істер министрі. Бұл сала оған таңсық емес. 2012 жылдан бері 7 жыл Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарды. Оған дейін әр жылдары тергеуші, тергеу бөлімінің басшысы, Алматы тергеу басқармасының жетекшісі қызметін атқарған. 2006-2012 жылдар аралығында Алматы қалалық Ішкі істер департаментін басқарды. Ал, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Ғабит Байжанов Президент жарлығымен Қазақстан «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалды.
Сондай-ақ, осы апта Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында спикер Нұрлан Нығматулин жаңадан сайланған депутат Нұржан Әлтаевты таныстырды. Әлтаев бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы вице-министрі болып істеген. Ол енді Мәжілістің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комитетінің құрамына кірді. Еске салайын, Әлтаев жақында басқа жұмысқа ауысқан Серік Сәпиевтің орнына депутат болып тағайындалып отыр.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.