АҚШ «Талибан» қозғалысымен келіссөздер жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ «Талибан» қозғалысымен келіссөздер жүргізді

03.02.2019

Катар астанасында АҚШ пен «Талибан» қозғалысы арасында бейбіт келіссөздер өтті. Нәтиже тәуір, айтарлықтай прогресс бар. Америка Ауғанстаннан әскерін әкетуге сөз берді, тәліптер террористерге Құрама Штаттарға шабуылдатпауға уәде берді. Диалог ай соңында қайта жалғасады.

Вашингтон енді «Талибанды» Ауған үкіметімен ымыраластырудан үмітті. Бірақ ол мақсат орындалмаса, Трамп сабырсыз мінезіне салып, контингентті дереу әкетуі де ғажап емес. Мұндай жағдайда, онсыз да, тәліптермен соғыста ел аумағының жартысына жуығынан айырылып қалған Кабулдегі билік үлкен қауіпке душар болуы мүмкін.

Бір кездері Вашингтон Оңтүстік Вьетнамды, Мысырдағы Мүбарак режимін және Иракты қолдаудан бас тартқанда не болғаны көпке аян. Тағы бір айта кететін жайт, осы айдың ортасында Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына тура 30 жыл толады. Советтермен қоштасқаннан кейін бұл мемлекетте соғыс өрті тіпті өршіп, билікке радикалдар келді. Америка кетсе де, Ауғанстанда дереу бейбітшілік орнайды дегенге кепілдік жоқ.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу