Денис Теннің өліміне қатысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Теннің өліміне қатысты сот үкімі шықты

20.01.2019

Былтырғы шілде қазақтың спортына, қазақтың жанкүйерлеріне ауыр соққы болып тиген еді. Олимпиада жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, қаскөйлердің қолынан қаза болған еді. Сол кезде белгілі ақын Балғынбек Имашев былай деп еді:

 «Айна кетті ұрланып, айна кетті, 
Қанішерлер көлікті майдан етті. 
Айна көлдің айналған Айнасына, 
Алашымның Денисі қайда кетті? 
Әй, қарақшы, ұрлық жеп, май кекірген, 
Денис - қазақ, әлемге әйгі етілген. 
Жер жүзіне танымал ерді өлтіріп, 
Ел жүзіне қарайсың қай бетіңмен? 
Қылмыскерлер қырып жүр айналаңды, 
Ар-иман мен Ата заң қайда қалды? 
Өз ерлерін өзге емес, өзі өлтіріп, 
Қазақ неге соншалық майдаланды?» 

Осы аптада сол саңлақ спортшымыз Денис Теннің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Өткен жылдың 25 желтоқсанында басталған сот мәжілісіне куәгерлер түгел барып, куәлік етті. Мемлекеттік айыптаушы күдікті Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаеваны ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, кісі өлтіргендері үшін үшеуіне 44 жыл жаза кесуді сұраған еді. Алайда, 38 томнан тұратын қылмыстық істі қараған судья Кеңшілік Кеңесұлы жалпы мерзімді қоса есептеп, үштікке 40 жылға үкім кесті.

Шындық. Елімізде кейінгі кезде ұрлық пен қарақшылықтың өршіп кеткенін Денистің өліміне себеп болған айна ұрлығы әшкерелеп берді. Бұл оқиғаны әлеуметтік желіде қызу талқылаған белсенділер «болмашы нәрсе үшін мұндай кісі өлтіру дерегі еліміздің әр өңірінде күн сайын болып жатыр, сонда қылмыскерлермен күресті күшейту үшін міндетті түрде чемпион өлуі керек пе?» деп ашына жазған еді.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу