Өз-өзіңді сыйласаң, жат жанынан түңілер. Қазақтың елі бұл жолы да өзге қауым, ел-жұртқа үлгі болар әрекетке барды. Туған елін тәрк етіп, бейбіт күнде от пен оқтың арасына кеткен өгей ұл-қыздарын Отанға оралтты. Осы апта жұрттың ең көп талқысына түсіп, назарына іліккен тақырыптардың бірі «Жусан» операциясы болды.
Сириядан 47 азаматымызды Қазақстанға қайтару гуманитарлық шарасы сәтті жүзеге асты. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі террорлық ұйымдардың тұтқынында болғандарды елге әкелді. Ал, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шараның аяқталуына қатысты арнайы мәлімдеме жасады.
«Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» демекші, барған жерінен бақыр таппақ түгілі, радикал діни ағым өкілдеріне алданып, арбауға түсіп, тақырға отырғандар қаншама. Тіпті, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирияға жеткен соң тұзаққа түскенін біліп, қашпақ болған біраз жерлестеріміздің де лаңкестердің қолынан өлім құшқаны туралы дерек бар екенін айтады. Таяу Шығысқа барып тағдырлары талапайға түсіп, талқаны таусылғандар қаншама?! Өкінішті, әрине! Назарларыңызға «Жусан» гуманитарлық операциясы туралы арнайы дайындаған репортажымызды ұсынамыз. Ішінде эксклюзивті бейнекөріністер бар. Оны тек біздің Ұлттық арнадан ғана көре алатындарыңызды айта кетейін.
Жалпы, «Жусан» - түркі халықтары танымында «туған жер» мен «Отан» ұғымына тең келеді. Өз дәуірінде жыраққа кеткен талай саңлақтың «туған жерді сағынсақ, иіскейміз» деп қойындарына жусан салып ала кететінін жақсы білеміз. Осындай игі атауға ие болған «Жусан» операциясы біле білгенге біздің арнайы қызмет, дипломаттар мен өзге де атсалысқан құрылымдардың ауыз толтырып айтарлықтай ерекше еңбегі.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.