Биылдан бастап ЖОО-дағы сырттай оқу бөлімдері жабылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылдан бастап ЖОО-дағы сырттай оқу бөлімдері жабылады

13.01.2019

Негізі бізде жаңа министр келсе болды, ерғашты болған қой торыдай қайқаң ете қалатын екі сала бар, бірі медицина, екіншісі білім. Әсіресе, білім-ғылым саласында жыл он екі ай үздіксіз реформа жүріп жатады. Балабақшадан университетке дейінгі кезеңді қамтитын бұл жүйеге тыныштық жоқ. Кеше ғана Ұлттық бірыңғай тестілеу тәртібі өзгерсе, ұстаздардың зейнет жасы мен қосымша төленетін үстемақыларға қатысты қоғамда қызу талқы жүріп жатыр. Бүгінгі әңгімеміз жоғары білім туралы болмақ. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, қазір көрші Ресейде 70 мыңның төңірегінде қазақстандық студент оқып жүр. Бұл мұхит асып, Азия мен Еуропаға білім іздеп кеткен жастарды қоспағанда. Әрине, мұның бірнеше себебі бар, бастысы, білімнің сапасы. Мұны жуырда ғана журналистермен кездескен Президенттің өзі де айтты.

Жоғары білімді жастарға қолжетімді ету үшін министрлік биылдан бастап сырттай оқуды жойып, оны қашықтықтан білім алумен алмастырды. Діттегендері - Президент айтқандай білім сапасын арттыру және оны барынша қолжетімді қылу. Білекті түрген Білім және ғылым министрлігінің кезекті реформасы тәжірибе жүзінде қалай іске асатыны әзірге беймағлұм.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу