Біздің елде қараша халықтың қан қысымы көтерілетін мезгіл бар. Жылда қаңтар есікті қағысымен, қымбатшылық та ере кіреді, еркінсіп, желе кіреді. Құныққан үстіне құныққан сан саланың монополистері мен қызмет не тауар ұсынушылары ауыз жаласып алғандай бағаны бетімен жіберіп, өсіріп алады. Осылайша, «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған жағдайы қоңыртөбел жұртқа жаңа-жылдық «тосынсый» жасайды.
Алайда, нанамыз ба, нанбаймыз ба, 2019 жылды ел тұрғындары жылдағыдай тарпаңдаған тарифпен, басынған бағамен емес, басқаша қарсы алғалы тұр. Коммуналдық қызметтердің құны төмендейді. Әйтпесе, бұл қымбат баға шын мәнінде халықтың қалтасына салмақ салып келген еді.
Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін бұл салада дүркін-дүркін тексерістер жүргізіліп, монополистердің халықтан артық алған, тартып алған теңгелері анықталды. Енді жылу мен жарық, су мен газды жеткізіп отырған мекемелер сол қаражаттарын қайтарып беруі міндеттелді. Президент жыл бойына тоқсан тарау салада атқарушы билік өкілдеріне ел-жұрттың жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген тапсырма жүктеген еді. Елбасы пәрмен берген соң, әрине, шенділердің шекелері терлейді, тірліктің бойына қан жүгіреді.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.