Басты Жаңалықтар Қазақстан жылына 50 млрд. АҚШ долларының тауарын сыртқа саудалайды

Қазақстан жылына 50 млрд. АҚШ долларының тауарын сыртқа саудалайды

«Алдымен экономика, cодан соң саясат» деген қазақтың даму формуласы өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Азаттық алған жылдары басталған экономикалық модернизация бүгінде қолтығы сөгілген жабағыдай жұлқынып тұр. Дүркін-дүркін бағдарламалар қабылданды. Қадау-қадау жоспар-жобалар жүзеге асты. Нәтижесінде экономиканың бойына қуат бітті. Тәуекелшіл экономиканың басты жауы саналатын қаржылық дағдарыстың екі толқынына төтеп бердік. Іркес-тіркес келіп соқтыққан бұл дағдарыстар қазақ экономикасының қамалын алып, діңгегін шайқай алмады. Тек банк секторы, құрылыс индустриясы секілді бұтақтарын теңселтіп кетіп еді, қазір Үкімет қамқорлығының арқасында олар да есін жинап, ел қатарына қосылды. Ел экономикасының көрсеткіші экспорт десек, индустрияландыру оған үлкен серпін берді. Бұрында Қазақстан әлемдік нарықта тек шикізат сатушы ғана ел саналса, қазір жағдай басқаша. Мәселен, алғашқы бес жылдық басталмай тұрып, яғни, 2010 жылдарға дейін бұл сыртқа сатылатын тауарлардың 10 пайызына жетер-жетпесі дайын өнімнің үлесінде болатын. Ал, қазір бұл көрсеткіш 25 пайызға жетіп қалды. Жылына Қазақстан 45-50 млрд. АҚШ долларының тауарын сататынын ескерсек, бұл тәп-тәуір нәтиже. Ал, енді күні кеше ғана телекөпір кезінде өндірістің қазанына түскен сүйекті жобаларға тағы бір мәрте кеңінен тоқталсақ. Еліміздің барлық қиырынан ашылған бұл өндіріс ошақтары ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтып, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға зор серпін береді деген үміт басым.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу