ШҚО-да несиелік серіктестік арқылы қаржы алғандар опық жеп қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да несиелік серіктестік арқылы қаржы алғандар опық жеп қалды

09.12.2018

Мемлекетке масыл болмай, өз ісін бастап, өрісін төрт түлікке толтырмақ болған жүздеген тұрғын сот табалдырығын тоздырып әуре боп жүр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының көмегімен кәсіпкерлікке мойын бұрмақ болған жұрттың қазір дүние-мүлкі мен есепшоттары тегіс бұғатталған. Себебі, мойнына міндеттеме алған серіктестіктің кей мүшелері қарызын төлемеген. Жергілікті әкімдік «бұл тұрғындардың жеке шаруасы», дейді. Осындай тауқыметке талай ауылдың тұрғыны тап болды. Өзінің қарызын қайтарып, енді қашып кеткен өзге адамның несиесін төлеуге мәжбүр болып қалғандар апта сайын қалаға сабылып, соттан әділдік іздеп әлек.

Кепілшарттың кесірінен мойнына өзгенің миллиондаған қарызы ілінгендер арасында «Алтын алқа» иегерлері, тіпті осы уақытта бақилық боп кеткендер де бар. Ізгі шешім іздеп барар жері, қағар есігі қалмаған азаматтар ортақ жауапкершіліктен босатып, «әркім берешегіне өзі жауапты болса», дейді. Ал, ақшаны таратқандар «қарыз қайткенімен де қайтарылуы керек», деген ұстанымда.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу