Маңғыстау облысында «Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағытына тасжол төселеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында «Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағытына тасжол төселеді

02.01.2015
Маңғыстау облысында «Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағытына тасжол төселеді

Маңғыстау облысында «Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағытына әлемдік деңгейдегі тас жол төселеді. 2 және 4 жолақты заманауи жолдарды салудың алғашқы қарекеттері басталып та кетті.

Жалпы ұзындығы 200 шақырымға жуықтайтын күре жол қазіргі шұрық-тесік асфальттің орнын басатын болады. Ең бастысы облыс орталығы мен елді мекендер арасындағы көлік қатынасы едәуір жақсарады.

Уалихан Едігеев тасжол төселетін аумақты өлшеп,жерді тегістеуге кіріскен жұмысшылардың сапында еңбек етуде.  Облыстық маңызға ие күре жол құрылысының арқасында өзіне тұрақты, әрі жалақысы жартымды жұмыс тапқанына дән риза. 

Уәлихан Едігеев, жұмысшы:

Мен Жетібай әкімшілігіне жұмыссыздыққа тіркелдім. Жұмысқа орналасқаныма 1 ай болды. Бәрі жақсы. Жұмыстан соң кешке футбол ойнаймыз. 3 мезгіл ас беріледі.

Қазір жол құрылысына жүзден аса адам қатысуда. Аудан орталығында жұмысшыларға арнайы қалашық салынып жатыр.

Оның инженерлік-инфрақұрылымы да жүргізілуде. Ал, салынып жатқан жолдың жалпы ұзындығы - 170 шақырымды құрайды.  Атап айтқанда «Жетібай-Ақтау» аралығына 1-дәрежелі 4 жолақты жол, ал Шетпе мен Жетібайға 2 жолақты жол төселеді.

Мұрат Зинабилов, жол құрылысының мердігері:

Қазіргі жолдың ені – 7,5-8 метр, жұмыс аяқталғанда 4 жолақты ұзындығы 15 метр жол болады. Екі жолақ бір бағытқа, екі жолақ екінші бағытқа. Жүргізушілер қиналмай жүреді деген ойдамыз. Себебі жол үш қабатты болады. Бірінші қабаты 12 см, екіншісі – 10 см, ал, үшінші қабатының қалыңдығы – 5 см. Сапасы өте жақсы.

Қазір негізінен қара жұмыстар атқарылуда. Ал жолдың алғашқы жабындыларын төсеу сәуірде басталады. Оған қажетті шикізат жергілікті кәсіпорындардан алынады.

Жобада Қарақия ойпатындағы жолды түзеп, 10 метрге дейін төмендету қарастырылған. Күре жолдың бойында 5 көлік тұрағы мен 2 көпір болады. Жоба құны – 36 миллиард теңгені құрайды.

Қыдырберді Беков, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары:

Жоба жұмыссыздық мәселесін шешуге көмектеседі.Жетібай мен Мұнайшының тұрғындарын орналастырамыз деп отырмыз.Өңірдің экономикасын дамытуға септігін тигізеді.

Облыс экономикасының өрлеуіне септігін тигізетін күре жол 2017 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

 

ЖАЗИРА ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу