Елбасы коммуналдық қызметтердің бағасын негізсіз қымбаттатқандарды қатаң жазалауды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы коммуналдық қызметтердің бағасын негізсіз қымбаттатқандарды қатаң жазалауды тапсырды

11.11.2018

Тірлік тым қымбат болып барады. Азық-түлікті айтпай-ақ қоялық. Мемлекет «стратегиялық» деп ат қойып, айдар таққан қазба байлықтың құны қысқа күнде қырық құбылады. Отын-су, көмір-газ өз алдына, соңғы үш жылда коммуналдық қызметтің бағасы аспандап тұр. Қазір «тариф» деген сөзді естісе болды, тұрғындардың төбе шашы тік тұрады. «Тағы қымбаттағалы жатыр ма», - деп жапа-тармағай жоғары жаққа жалтаңдайды. Енді қайтсін? Айлығы шайлығына жетпесе... Билік бізді қашанғы қанайды деп, қамыққалы бұқарадан ұйқы қашқан. «Экономикаң нарықтық, күн-көре алмай тарықтық, қысқасы қымбатшылықтан әбден жалықтық», деген жұрттың, жылағанда етектері жасқа толады. Сосын шақшадай бастарын, шарадай қылып тауға да, тасқа да соғады.

Халықты қыспаққа алған қымбатшылықтың бір қыдыру саласын құзырлы органдар енді қатаң назарға алып, коммуналдық қызметтің бағасын базарға айналдырғандардың мәселесін енді май шаммен қарайды. Сәрсенбіде Қауіпсіздік кеңесінің кезекті жиынын өткізген Мемлекет басы Нұрсұлтан Назарбаев монополистерге қатысты біраз былықтың бетін ашты. Ашып қана қоймай, коммуналдық қызметтердің бағасын негізсіз қымбаттатқандарды қатаң жазалауды тапсырды. Үкіметке антимонополия қызметін реттеп, шұғыл шара қолдануды міндеттеді. Ал, халықтың қалтасын майшелпекке айналдырған монополистер жазадан қашып құтыла алмайды. Мұны да Президент шегелеп тұрып ескертті.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу