Қазақстандық 120 сарбаз үнді батальоны құрамында миссияларын атқарып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық 120 сарбаз үнді батальоны құрамында миссияларын атқарып жүр

04.11.2018

Қазір жарау атқа мініп алып, жалаң қылышпен жауға шабатын шақ емес. Бүгінгі уақыт сарбаздан алдымен бес қарудың бүтіндігін сұрайды. Өйткені, әскери әлеуеті мықты ел ешкімнің алдында еңкеймейді, тізерлемейді. Еңсегей бойлы ер Есiмнің тұсында Қазақ хандығы бiр мезгiлде 100 мың аламанды соғысқа аттандырады екен. Бүгінде ел қорғайтын сарбаздарымыздың саны 120 мыңның төңірегінде. Соның тең жартысы әскери шақырылыммен толықса, қалғаны келісімшарт бойынша қызмет етеді. «Өз әскерін асырап-сақтай алмаған мемлекет өзгенің әскерін асырауға мәжбүр болады» ,деген екен Наполеон. Атақты жиһангердің бұл сөзі бүгінге дейін өзекті. Сол себепті, әлемнің әрбір елі жатпай-тұрмай әскерін күшейтеді. Біз де солай. 

Апта басында Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін қабылдады. Саланың екі тізгін, бір шылбырын ұстағанына небәрі 3 ай болған Нұрлан Ермекбаев Жоғарғы Бас қолбасшыға жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру, армияны қару-жарақпен қамту және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу ісіне байланысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады. Президент сарбаздарға мемлекет тарапынан әркез қолдау болатынын айтып, министрге нақты тапсырмалар жүктеді.

Президент кездесуде «бітімгерлік бағытта белсенділік таныту қажет», деді. Міне, бүгін 6-шы тәулікке ауды, қазақстандық 120 сарбаз Ливанда «ИндБат» үнді батальоны құрамында миссияларын атқарып жүр. Олардың негізгі міндеті – Үндістан әскерилерімен бірге сол елдегі қауіпсіздікті қадағалау. БҰҰ-ның мандатына сәйкес, бұған дейін арнайы дайындықтан өткен жігіттеріміз патрульдеу, бақылау бекеттерін ұйымдастыру, оқ атудың тоқтатылуын бақылау жөніндегі функцияларды орындайды. Сарбаздарға Қорғаныс министрлігі үш еселенген жалақы төлейді. Айына әр әскери қызметшіге жұмсалатын 1428 АҚШ доллары көлеміндегі қаржы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы бекіткен ережеге сай, мемлекетке қайтарылады. 6 миллионнан астам халқы бар Ливандағы саяси жағдай қазір шиқандай асқынып тұр, тұрақты емес. 81 шақырымға созылған Израильмен шекарадағы мәселе әлі реттелген жоқ, ушыққан бұл дау қашан реттелетінін ешбір жауырыншы тап басып айта алмайды. Міне, жұрттың тынышын қашырып тұрғаны да осы. Сарбаздарымыз өздеріне жүктелген міндет – Ливан мен Израиль арасындағы шектеу сызығын қамтамасыз ету жұмысын абыроймен атқарып, елге аман-сау оралсын деп тілейміз.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу