«Өскемен-Зырян-Рахман қайнарлары» бағытындағы жол құрылысына қағазбастылық кедергі болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Өскемен-Зырян-Рахман қайнарлары» бағытындағы жол құрылысына қағазбастылық кедергі болып тұр

04.11.2018

Шығыс Қазақстанда Өскеменнен Зырянға, Зыряннан Рахман қайнарларына қатынайтын жол бар. Рахман қайнары дегеніңіз осы облыстың Қатон-Қарағай ауданындағы емдік қасиеті мол, шипалы жылы су көзi. Арасан көлінің жағасында теңiз деңгейiнен 1750 метр биiктiкте, айналасын биiк тау, орман қоршаған өте көрiктi жерде жатыр. Бірақ, айтпағымыз бұл емес. «Өскемен-Зырян-Рахман қайнарлары» бағытындағы жол құрылысына қағазбастылық кедергі болып тұр. Мердігер былтырдан бері тау шатқалында үлкен көпірдің құрылысын бастай алмай әуре. Себебі, құрылыс жүргізілуі тиіс біраз жер әлі күнге дейін орман қорының қарамағында. Тиісті рұқсат қағаздары жоқ. Сондықтан, тұтас жобаның жүзеге асу мерзімі кейінге шегерілмек. 1 миллиард 300 миллион теңгеге салынуы тиіс өткелдің әлі күнге дейін бір қазығы да қағылмаған. Орман қорындағы жер Ауыл шаруашылығы комитетінің қарауынан Автомобиль жолдары комитетіне өтуі тиіс еді. Бірақ, облыстағылар Астанаға, Астанадағылар облысқа сілтеп, бір-бірімен хат жазысып жатқан көрінеді. Ал, осы республикалық трасса арқылы адамдар Қатон-Қарағай ауданына, атақты Берел қорғандарына барады. Марал мүйізінің сорпасына түсіп, дертке шипа іздеп сапарлайтындар көп. Тоқетері, құрылыстың мерзімінде аяқталмауы туризм саласының дамуына да кедергі келтіріп тұр. Саяхаттаудан бөлек, бүгінде мыңдаған көлік осы Алтай мен Қатон-Қарағай ауданына қауіпті асу арқылы баруға мәжбүр. Қысқасы, Үкімет қаулысы шықпайынша, құрылысшылар орман қорына тиесілі жерге аттап баса алмайды. Мердігерлер қолды бір сілтеп бастап кетейін десе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу