Қазақ даласының жауһар жерлерін жарнамалау жағы әлі де әлсіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ даласының жауһар жерлерін жарнамалау жағы әлі де әлсіз

28.10.2018

Тарихы тым тереңде жатқан Әулиеатадай әсем мекеннің - туристердің аузын аштырып, таңдайын қақтырардай тағылымды жерлері жетерлік. Жалпы, Жамбыл жері ғана емес, қазақ даласының қай қиыры да тарихи орындарға бай. Тек жауһар жерлерді жарнамалау жағы әлі де әлсіз екенін мойындауымыз керек. Қанша «ақпараттық заман» дегенімізбен, шетелдік туристер түгілі, ел тұрғындары елде қандай тынығу орындары бар екенінен әлі күнге беймағлұм. Тоқетері, өз жеріміздің тау-тасы мен сай-саласын, өзен-көлі мен ойпаң-шоқысын, бір сөзбен түйгенде, тұмса табиғатымыздың қадіріне жетпей жүргендейміз.

Негізі, туризм әлемдік экономиканың беломыртқасы. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректерін ақтарсақ, әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін тап осы туризмнен түскен табыс құрайды екен. Туризмнің тарту күші керемет, саясаттың да сағын сындыратынға ұқсайды. Мысалы, қайбір жылы атып түсірілген «СУ-24» ұшағы үшін суысып кеткен, ат құйрығын үзісіп, бірін-бірі көрместей болған Ресей мен Түркия туризм мәселесіне келгенде тіл табысуға мәжбүр болды емес пе, есіңізде ме? Бейнелеп айтсақ, саясаттағы салқындықты Жерорта теңізінің жанға жайлы лебі жылытып жіберді. Міне, туризмнің құдіреті. Саяси дағдарыс болсын, экономикалық дағдарыс болсын, қай дағдарыстың та дауылы туризмі мықты елдің кекілінен де желпи алмайды.

Қысқасы, қазақ туризмі шабан аттай шоқырақтамас үшін қазірден қарекет керек. Ақсаған жарнама, инфрақұрылым, қызмет көрсету сапасын жақсартсақ, туристер неге келмесін?! Сөзден іске! Мысалы, жаңа облыс Түркістан жарқыраған жауһар мекендерін өзіміздің жұртқа, өзге жұртқа жарнамалауды бастап кетті.

Ендігі кезек Шардарада. Төтесінен айтсам, сол түстіктегі Шардараның аты шартарапты шарлауы мүмкін. Бірлігі бекем жұрт кеше ғана дүркіретіп, халықаралық «Сафари- Шардара» фестивалін өткізді. Мақсат-мұрат анық – біз білмейтін түстік сахараның саф суы мен қызыл құмын төрт тарапқа таныстыру.

 

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу