Астана бақытты адамдардың қаласына айналмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана бақытты адамдардың қаласына айналмақ

14.10.2018

Болашақта жер жүзіндегі бәсекелестік елдер арасында емес, ең ірі деген қалалардың ортасында болады деген болжам бар. Жаһандағы жағдайларды қалт жібермей қадағалап отыратын мамандар «әлемді енді алып шаһарлар билеп, даму тенденциясын қалыптастырады», дейді. Бүгіннің өзінде жердегі жалпы ішкі өнімнің үштен бірі 600 мегаполистің еншісінде екен. Қазақ елінің қалалары да бұл бәсекенің бәйгесінен қалыспауға бейілді. Бүгінде миллион тұрғыны бар үш бірдей шаһарымыз бар. Алматы, Астана және Шымкент. Әсіресе, бас қаланың қарқыны көз қуантып, көңіл семіртеді. 20 жылда 4 есе өсіп отыр. Ал, соңғы екі-үш жылдағы оң өзгерістер елордалықтардың көз алдында. Астана қазір тек іскерлік орталық емес, Еуразия кеңістігіндегі ғылым мен мәдениеттің әрі бизнестің ордасына айнала бастады. Астана қазір ел қазынасының қаржысын сорып, бюджетке алақан жайып отырған жоқ. Қайта керісінше, асыраушы шаһарға айналды. Мысалы, сандарды сөйлетейік. Былтырдың өзінде алым-салықтың есебінен қазынаға 1 трлн. теңге түскен, ал, оның 770 миллиарды республикалық бюджетке бағытталған. Бас қаланың негізгі тірегі шағын және орта бизнес өкілдері. Жылына бұл салада 4 трлн. 300 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі. Астана енді бақытты адамдардың қаласына айналмақ. Ол үшін арнайы жоба да бар. Оның аясында қазір 50 бағыт бойынша кешенді жұмыстар қолға алына бастады. Тұрғындарға жайлы, туристерге тартымды бола түсу үшін бұл шаруалар былтырдан бері іркіліссіз іске асып келеді.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу