«Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан - бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ, иман жоқ. Ең сорлы адам сол. Бір кем дүние...», «Атадан алтау тусаң да, бір жалғыздық. Бір кем дүние...», «Кейбір бастар ішінде дәнегі жоқ жаңғаққа ұқсайды. Ондайлар көп қой. Бір кем дүние...», «Алтын өзі тотықпайды. Адамдардың жанын тотықтырады. Бір кем дүние...». Осы апта қазақтың қадірлі ұлы, ұлттың ұлы сөзін сөйлеген Шерхан Мұртаза да бес күн фәни жалғаннан келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекенге аттанды. Шерхан Мұртаза ел арасында ақылман Абайдай, алдаспан Махамбеттей, айтқыр Қасымдай, ақиық Мұқағалидай айрықша қастерленді. Жұрт оны алмастай тіліп түсер өткірлігі үшін, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, бет қаратпас алапат батылдығы үшін өліп-өшіп жақсы көрді. Елбасы да айтты, «Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Алаштың асыл ұлымен қоштасуға Шерағаңның шекпенінен шыққан шәкірттері, Алтай мен Еділ арасындағы ақеділ ағайын Алматыға арнайы ат шалдырды.
Алмат ӘБДІРАМАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.