Бұл күн елдегі мерекелердің тізіміне Президент Жарлығымен 2013 жылы енген. Ол қыркүйектің екіншісі жексенбісінде тойланады. Өнегелі отбасы – қоғамның айнасы, елдің мығым қабырғасы іспетті. Демек, жарасымды жанұялар, тамырлы әулеттер қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта осыдан 5 жыл бұрын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған еді. Сол уақыттан бері байқауға 12 мыңға жуық отбасы қатысса, оның 60 % ауылда тұрады. Ал, биылғы байқаудың ақтық кезеңінде 16 өңірден 16 жеңімпаз отбасы анықталды.
Оларға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстап, Елбасының жылы лебізін жеткізді. Бұл жолы бас жүлде Жамбыл облысынан келген Ниязқұловтар әулетіне бұйырды. Ерлі-зайыптылар талай жыл ұстаздық еткен, өздерінің уақыттарын аямаса да, шәкірттерінің бақыттарын аялаған жандар. 12 бала дүниеге әкеліп, солардан қазір 33 немере, 20 шөбере сүйіп отыр.
Елімізде осындай додаға қатыспай-ақ, отбасы мерейін асырып отырған қаншама отбасы бар. Мәселен, Көкшетау қаласында тұрып жатқан Жұмабековтерді татулығы жарасымды әулеттің жарқын үлгісі деуге болады. Өздерінің 6 баласы бар, соған қарамастан, балалар үйіндегі 5 жеткіншекті бауырына басып отыр. Салиқалы мінездерімен сауапты іс жасаған Жұмабековтердің шаңырағының бір күнгі тіршілігін тілшіміз Фариза Мұсақызы сіздерге баяндасын.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.