Тимур Сүлейменов еліміздегі экономикалық өсім жеті басым бағытпен дамитынын мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тимур Сүлейменов еліміздегі экономикалық өсім жеті басым бағытпен дамитынын мәлімдеді

09.09.2018

Әлемді алаңдатқан санкциялар соғысының бүгін-ертең аяқталуы неғайбыл. Әсіресе, солтүстік көршіге арнап АҚШ-тың шығарған қатаң қаулысының салқыны бізге де тиетіні жасырын емес. Бүгіннің өзінде ақша айырбастау пункттерінде доллар бағамы 381-ді көрсетіп тұр. Ал, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Ресейдің  кесірінен Қазақстан экономикасына келер қауіптің кез келген түріне дайынбыз» деп отыр. Осы орайда тіпті, қазірден макроэкономикалық және жекелеген салалар бойынша талдаулар жасалып қойылған. Ресейге салынған санкцияның қандай да бір теріс әсері байқала бастаған жағдайда қолға алынатын іс-қимыл жоспары да дайын. Санкция салқыны алдымен валюта бағамына әсер ететініне тоқталған министр биыл теңгенің болжамды құлдырау шегі 6-7 пайыздан аспайтынын айтты. Ал, сегіз айдың қорытындысы бойынша, инфляция 6 пайызға тең.

Бұл ретте апта басында Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің әңгімесі ойға оралады. Ол «келесі жылы Ресейге қарсы санкциялар әсерінен Қазақстанда инфляция деңгейі жоғарылайды» деген болжамын жеткізген еді. Сонымен қатар, Тимур Сүлейменов экономиканы дамытудың «7х7» жоспары туралы мәлімдеді. Жаңа экономикалық модельге бет бұру үшін 7 жүйелі өзгеріс пен 7 басым саясат үйлестіріледі. Жоспар «Жаңа адами капитал», «Технологиялық жаңарту және цифрландыру»,  «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес», «Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет», «Мықты өңірлер және урбандалу», «Қоғамдық сананы жаңғырту» және «Мемлекеттік сектор өзгерістердің көшбасшысы ретінде» деген жеті бағыттан тұрады. Тимур Сүлейменов «басты мақсат - 2025 жылға дейін экономиканың сапалы әрі тұрақты өсіміне қол жеткізу» екенін қадап айтты. «7х7» жоспары Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу мен тұрақтылық және дамудың теңгерімділігін қамтамасыз ететін болады. 

Ержан ҚАЛЫМБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу