Индонезиядағы Азия ойындарын Қазақстан құрамасы 9-орынмен аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индонезиядағы Азия ойындарын Қазақстан құрамасы 9-орынмен аяқтады

02.09.2018

Бүгін Джакартада 18 тамызда басталған Азия ойындары аяқталды. Көңілді сәл қынжылтқаны, Қазақстан үздік бестікке ене алмады. Ел спортшылары 15 алтын, 17 күміс, 44 қола жүлдемен жалпы есепте 9-орынды місе тұтты. Жалпы есепте Қазақстанның алдында Қытай (129 алтын), Жапония (74), Оңтүстік Корея (49), Индонезия (31), Өзбекстан (21), Иран (20), Тайпей (17), Үндістан (15) тұр. Үндістан 24 күміс алғандықтан, Қазақстанның алдына шықты. Ал, мұқым ел үміт артқан боксшыларымыз алғаш рет Азия ойындарында алтын жүлдесіз қалды. Тек Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұл ғана күміс медаль иеленді. Қазақстан жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Бұған дейінгі Азиадада біздің ел жалпы есепте төртінші-бесінші орын алып жүрген. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында Қазақстан 28 алтын жеңіп алып, 4-орынды иеленген. Бұл жолы ай оңымыздан туған жоқ. Ал, 261 миллион тұрғыны бар Индонезия Азия ойындарын абыроймен атқарып шықты. Келесі жазғы Азия ойындарын 2022 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласы ұйымдастырады.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу