Биылғы елеулі жаңалық латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бекітілуі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы елеулі жаңалық латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бекітілуі болды

15.07.2018

Биыл ел руханиятындағы елеулі жаңалық латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің бекітілуі болды. Қазақстан түркі тілдес халықтар арасында жетінші болып латын таңбалы жаңа әліпбиге көшті. Бұл шын мәнінде, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұратының жүзеге асқан тарихи сәті еді. Әліпби ауыстыруды тек әріп ауыстыру деп түсінсеңіз, қателесесіз. Бұл – тіліміздің бүкіл заңдылықтарын өзінің табиғатына сай жасап шығару деген сөз.

Парламент қабырғасына алғашында екі әріпті біріктіру арқылы бір дыбыс беретін диграфты нұсқасы ұсынылды. Естеріңізде болар, жұрттың жаппай «сәбіз» деген сөздің жазылуын келемеждеп, күлкіге айналдырғаны. Жаңа әліпби жаппай сынға ұшырады. Яғни, көпшілік бұл нұсқаны  құп көрмеді. Билік те одан бірден бас тартты. Кейін қазан айында Президент Жарлығымен апострофты яғни, дәйекшесі бар латын графикасы қабылданды. Бірақ, ол нұсқаны да бұқара жылы қабылдай қоймады. Қоғамда қызу пікірталасқа арқау болды. «Биттеген әліпби» деп мін таққандар да табылды. Осылайша, айналып келгенде, түрлі пікірталас тудырған диграф та, дәйекше де мүлдем қажет болмай қалды.

Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев ақпан айында қазақ әліпбинің латын графикасына негізделген нақты нұсқасын бекітті. Ұлттық дүниетанымға негізделген 32 әріптен тұратын латын графикасындағы жаңа әліпбидің нұсқасы мынадай. Алты таңбаның яғни, Ә, Ғ, Ң, Ө, Ү мен У әріптерін белгілейтін латын қаріптерінің төбелері түртілген. Ал, Ш әріпі мен Ч әрпі латынның қосарланған қарпі арқылы яғни, диграф арқылы таңбаланады. Ең бастысы, кириллицадағы басы артық  әріптерден арылдық. Енді қазақ тілі әліпбиі латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіріледі. Бастысы, сең қозғалды, латынның олқы тұстары болса ескеріліп, құйрық-жалы жүре түзелеріне сенім мол.

Шынар АСАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу