Астананың 20 жылдығы еліміздегі ең үлкен мемлекеттік Туды көтеру салтанатынан басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың 20 жылдығы еліміздегі ең үлкен мемлекеттік Туды көтеру салтанатынан басталды

08.07.2018

Осы аптада Есілдің бойы елге толды. Ұлан-асыр той болды. Аптаның айшықты оқиғасы - әлбетте, Астананың 20 жылдығы. Еңселі елорданың тойы жыл сайын Ту көтеруден басталады. Биыл да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сәтті күн сәрсенбіде еліміздегі ең үлкен мемлекеттік Туды көтеру салтанатына қатысып, тойдың басталғанын жариялады. Сөйтіп, Астананың аспанында көк байрақ  желбіреді, жүректерді әнұран тербеді, көңілді мақтаныш кернеді. Қазақ үшін көгінде желбіреген көк байрақтан қасиетті нышан жоқ. Өйткені, Ту – ел бірлігінің символы. Бабаларымыз кезінде бөрілі байрақ астында бас қосып, бөлінбес елдің бірлігін бекемдеген.

Сымдай тартылған әскерилер, алқалаған қауым. Астананың, әлі де жас қаланың, бас қаланың басты мерекесі осылай басталды. Жыл сайын мереке алдында бұлжымайтын тағы бір үрдіс бар. Ол –  осы Тудың тұғырынан түспеуіне қызмет ететін, ел іргесінің тыныштығын күзететін жас офицерлерге шен тапсыру. Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде жас сарбаздарға шен тапсырды. Қарулы Күштердің офицерлік шенін алған 12 түлек өз қатарынан озық шыққан үздіктер.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу