Осы аптада мектеп түлектері ҰБТ тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада мектеп түлектері ҰБТ тапсырды

24.06.2018

Осы аптада түлектердің білімін таразыға салатын Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ел бойынша жалпы саны 102 мың мектеп бітіруші аталған сынақты тапсырмақшы. Тестілеу биыл 15-ші мәрте өткізіліп отыр. Байқасақ, ауызша, жазбаша сынақ алуды ескінің қалдығына балап, жаңа жүйеге көшкелі бері бірде-бір тестілеу науқаны тыныш өтпепті. Үнемі айқай-шу, дау-дамай. Әйтеуір жыл сайын білім саласының басы-қасындағылар жан-жақтан жебедей жауған сынның астында қалып жатады. Әрине, біреу біліп сынайды, біреу білмей сынайды. Енді біреу ойдағым болмады деп бар кінәні жүйеге арта салады. Алайда, тестілеудің қарын аштырар тұстары бар екені ақиқат. Тест жауаптары қанша жерден мемлекеттік құпиялар қатарына енгізілсе де, әлі күнге дейін дұрыс жауаптардың саудаға түсуін ауыздықтау мүмкін болмай тұр.

Есіңізде болар, бірер жыл бұрын Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы түлектердің 90 пайызы бірдей ең жоғарғы баллды жинап, айды аспанға бір-ақ шығарған. Бұдан бөлек, сынақтағы сауатсыз сұрақтар бас ауруға айналып кетті. Осыдан бірер жыл бұрын «Абылай хан мінген аттың қанша тісі болды?» деген күлдібадам сұрақты естіп күлгеніміз бар, биыл аттың тісін санайтын ондай күреңбайлар жоқ әйтеуір. Сосын шоу-бизнес өкілдерінің ішіп-жегені, киген киімі де сөз болып жүр. Қайбір жылы шаш ал десе, бас алатындар ҰБТ тапсыруға келген өрімдей қыздарды тыр жалаңаш шешіндіріп, тексеріп еді. Шекарадан өткенде де бұлайша тексермейтін. Ал, басына парик киіп қыздың орнына тест тапсырмақ болған жігіттің әрекеті тіпті жаға ұстатты. Биылғы сынақтың басталғанына бүгін төртінші күн. Әзірге тыныш. Тек, тест сұрақтарын әлдебіреулер ұялы телефонға түсіріп интернетке таратып жіберіпті деген әңгіме айтылып жатқаны болмаса. Бірақ, Білім және ғылым министрі биылғы ҰБТ-ға 102 мыңнан астам кітапша дайындалғанын, олардың әрқайсысының ішіндегі сұрақтар әр түрлі екенін айтуда. Сондықтан, бір кітапшаның жария болуы аса дүрлігетіндей жағдай емес дейді. Түлектердің түн ұйқысын төрт бөлген білім сынағы туралы Шынар Асанқызы айтып берсін.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу