Бүгін түскі сағат 13:30-дың шамасында Жамбыл облысының аумағында төтенше жағдай тіркелді. Шу станциясына жақын маңда жолаушыға лық толы пойыз апатқа ұшырады. Темір тұлпар Астанадан Алматыға жол тартып бара жатқан беті екен. Машинист рельстің қисайған жерін көріп, шұғыл тежегішті басқан болуы керек деген болжам бар. Салдарынан пойыздың алты бірдей вагоны рельстен шығып, оның үшеуі аударылған. Жарақат алғандар аз емес. Ең өкініштісі, ажал құшқан адам бар. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 12 жастағы баланың көз жұмғанын растап отыр. Куәгерлердің айтуынша, бір вагон толы сайысқа бара жатқан балалар екен.
Оқиға орнына құтқару қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жеткенше, өзге вагондағы жігіттер жиналып, жолаушыларды терезеден түгел сыртқа шығарып үлгеріпті.
Жолаушылардың бәрі «Астана-Қызылорда» бағытындағы пойызға отырғызылған. Жамбыл облысы әкімдігінің қызметкерлері мен Денсаулық сақтау басқармасының басшылары оқиға орнына барып, жағдаймен танысқан. Оқиғаның мән-жайын тексеру үшін Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Көлік комитетінің жанынан арнайы комиссия құрылды.
Айта кетейік, жолаушылар пойызының апаты соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын тіркелген еді. «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызы жолдан шығып кетіп, ол кезде адам шығыны болмаған. Ал, бұл жолы кінәлілердің жазасы жеңіл болмасын құзырлы органдар қазірден айтып отыр.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.