«Апта» тілшісі елді алаңдатқан менингит мәселесін зерттеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Апта» тілшісі елді алаңдатқан менингит мәселесін зерттеді

10.06.2018

Тағы да менингит инфекциясы жайлы. Ел іші, үлкен-кіші әлі үрей құшағында. Апта соңында өлім-жітім саябырсығанымен, індеттің қаупі сейілген жоқ. Іс насырға шауып, менингит адамдарды мезгілсіз жалмай бастаған соң, Үкімет те қимылдай бастады. Апта басында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әріптесі Елжан Біртановтан елдегі ахуалды сұрады. Халықтың денсаулығына жауапты министр жыл басынан бері менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен ел бойынша 593 адам дәрігерге жүгінгенін, оның 213-і ауруханаға жатқызылғанын айтты. «Бірақ, бұл статистикаға бола, елде жаппай карантин жариялаудың қажеті жоқ», - деді Біртанов. Министрдің айтуынша, менигококк инфекциясының орташа деңгейі 2,1 көрсеткішке жетсе ғана, мысалы, 100 мың адам дейік, соның тең жартысы осы аурумен ауырса ғана, карантин жарияланады. Ал, бұл көрсеткіш әзірге 0,3 шамасында. Министрдің бұл сөзі елдің ашуын тудырды.

Эпидемия жариялау үшін сонда тұрғындардың қынадай қырылғанын күтеміз бе? Халықтың қамын жасап, менингиттен тегін емдеп жатқан тағы ешкім жоқ. Алаңдаған біраз адам екпе жасауға жүгірді. Вакцина бағасы 22 мың теңге. Ол екі есе өсті. Бұл бай-бағландар үшін тиын ғой, тұрмысы қоңыртөбел көпшілік абдырап қалды. Шамасы жетпеген жұрт жапа-тармағай медициналық маска сатып алуға ұмтылды.  Ол да шарықтап шыға келді. Біреудің сақалы өртеніп жатса, оған темекісін тұтатып алуға тырысатын пысықайлар бұл жолы да қарап қалмады. Тіпті желілік маркетинг өкілдері де «біздің шайды ішсең ауру жоламайды» деп өнімін өткізіп қалуға тырысты. Халық арасына менингит туралы түрлі жалған ақпарат тарап, айғайға аттан қосылды. Ал, қарапайым халықтың сынына іліккен министрді Сенат төрағасы Қасым-жомарт Тоқаев виртуалды түрде қамшылап алды. «Менингит инфекциясына қатысты жағдай ушығып барады. Жауапты министрліктің жайбасарлық пен батылсыздық танытуы – кешірімсіз».

Дәл қазіргі уақытта 24 адам менингококк инфекциясынан емделіп жатыр. Оның тең жартысы Алматыда.

Бір күнде 5 жастағы баласы мен жақын күндері босағасынан аттауы тиіс болашақ келінінен айырылған Аида Ахметованың сұхбатын тыңдасаңыз, сай-сүйегіңіз сырқырайды. Зарлатқан зауал. Күдік пен сауал. Ағайынды алаңдатқан мәселені Айнұр Омар зерттеп көрді.

 

Айнұр ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу