ОҚО-да жәбір көрген 7 жасар баланың ісі ақыры Ақордаға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да жәбір көрген 7 жасар баланың ісі ақыры Ақордаға жетті

03.06.2018

Елбасы естіді және дүйім жұрттың жүрегін ауыртқан даулы оқиғаның жымы білінбей жабылуына кімдердің мүдделі екенін айтты.

Естеріңізге сала кетсек, наурыздың бел ортасында Сарыағаштағы Абай ауылының тұрғыны жеті жастағы жиенін былтыр тамыздан бері жоғары сынып оқушылары бірнеше мәрте ұрып, зорлағаны туралы айтып, жергілікті полицияға шағымданғанымен, олар тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдаған. Бұл жауапсыздық пен немқұрайлылық республика журналистерінің назарына ілігіп, қалың жұрттың ашу-ызасын тудырған еді. Бірақ, қолда билігі бар дөкей туысқандардың ықпалымен іс сиырқұйымшақтанып, сұйылып, орта жолдан тоқтап қалған. Енді Елбасының сөзінен кейін аңғал баланың арын таптағандар мен оларды жақтағандар жазасын алып, әділдік орнайды деген үміт бар.

Президенттің қынжылысын тудырып, қырына іліккен Оңтүстік Қазақстан облысындағы бұл бір ғана жағдай емес. Баланың жанына түскен жарадан бөлек, жемқорлық пен пара да аймақта күбірткелідей асқынып тұр.

Басқа облыс әкімдері де Президенттің сын семсерінен аман қалған жоқ. Елбасының айтуынша, өңірлерде шағын және орта бизнесті тізеден сүріндіріп, тежеп отырған жергілікті шенеуніктердің өздері. Бизнесмендерге жер беріп, жайлы жағдай жасаудың орнына, пара дәметіп, майлы жілік сұрайды. Сондай сұғанақтардың кесірінен, маңызды реформалар соңына жетпей сорлап жатыр.

Осы аптаның жұма күні Президенттің төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Саяси кеңесте қандай мәселелер назарға ілікті? Билік партиясына нендей тапсырмалар жүктелді? Индира Бегайдар баян етеді.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу