Қазақ экономикасында кәсіпкерлердің арқалайтын жүгі ауыр. Бірақ, көбі жүк арқаламақ түгілі, өз басын әзер алып жүр. Алпауыт кәсіпорындар туралы әңгіме басқа, шағын және орта бизнестің өкпесі қысылып, тынысы тарылып тұр. Оларды тізеден сүріндіретін - әкімшілік кедергілер. Қаптаған қағаз. Аш кенедей жабысып, жан-жақтан жұлмалайтын тексеруші органдар. Осының бәрі дүйім кәсіпкерді діңкелетіп келген еді. Осы аптада олар үшін Ақордадан жағымды жаңалық естілді. Президент «Кейбір заңнамалық актілерге кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жариялы түрде қол қойды. Осы құжат бойынша енді кәсіпкерлерді ит сүйреген тулақтай жұлмалап, тексеру азаяды, мемлекеттен көрсетілетін қызмет түрі біршама жеңілдейді. Ең бастысы, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан барлық жағынан қолдау көрсетіледі.
Мемлекет басшысы енді бұл заңды Еділ мен Алтай арасындағы мұқым жұртқа түсіндіру керектігін айтты. Әрбір кәсіпкер мемлекеттің қамқорлығын және заңның қажетті тетіктерін білуі тиіс.