Митио Каку: Алдағы 10 жылда медицина бұрын ертегіге баланған жетістіктерге жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Митио Каку: Алдағы 10 жылда медицина бұрын ертегіге баланған жетістіктерге жетеді

20.05.2018

Елімізде өтетін экономикалық жиынның өзгелер байқай бермейтін тағы бір ерекшелігі, ақшалы компанияларға емес, ақылды ғалымдарға керемет мән береді. Жыл сайын делегаттардың кемінде 50-60 пайызы сарапшы - ғалымдар болады. Оның он шақтысы «Нобель» сыйлығын иеленген ерен тұлғалар. Қайбір жылы Санкт-Петербург форумына бір ғана Нобель лауреаты қатысқанын ескерсек, Астана форумының беделін безбенге сала беріңіз. Биылғы форумда талқыға түскен тақырыптар да қызық. Ұзақ жасау әлемі, жаңа адамзат, біртұтас экономика деген секілді. Болашаққа деген болжам-пікірлер де таңқалдырмай қоймайды.

Мысалы, атақты ғалым Митио Какудің пайымынша, алдағы 10 жылда медицина бұрын ертегіге баланған жетістіктерге жетеді. «Компьютер» сөзін «чип» деген құрылғы алмастырады. Ақылды чиптер адамның денсаулығы туралы ақпаратты санаулы секундта сараптайды.

Ғалымның ойынша, жақын жылдары адамның ағзасы сатылатын дүкен де пайда болады. Кез келген адам жарамсыз болған көзін, терісін не бауырын сол жерде сатып алатын деңгейге жетеді. Футуролог жасанды интеллектіге иек артпаған компаниялар банкрот болады деп отыр. Қысқасы, профессор «Өркениет көшінен қалып қалмас үшін сандық технологияларға бүгіннен маңыз беру керек», -дейді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу