Елімізде соңғы бес жылда екпеден бас тартушылар саны үш есеге артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде соңғы бес жылда екпеден бас тартушылар саны үш есеге артқан

22.04.2018

Неге екені белгісіз, баламыз тәртіп бұзып, шектен шығып жатса, «дәрігер шақырам», «ине салдырам» деп қорқытатынымыз бар. Жасыратыны жоқ, өзіміз де осыны естіп өстік. Бір қызығы, ақ халаттылардың атын естісе, кез келген тентегің үнін шығармай, үрпиісе қалады.  Сөйтсек, қорқатындай-ақ, жөні бар екен. Іші ауырып, тісі ауырып дәрігердің алдына барғанын есепке алмағанның өзінде, балаға шыр етіп дүниеге келген күні 3 рет, ес-біліп, етек жиғанға дейін 21 рет екпе егіледі екен. Жылына кем дегенде екі рет ине шаншып отырса, дәрігер дүлей боп көрінбей қайтсін?!

Десе де, медицина қызметкерлері осы екпенің арқасында 27 түрлі жұқпалы ауруды ауыздықтап отырғанын айтады. Ресми деректерге сүйенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында жылына әлем бойынша 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалады. Тағы 750 мыңдайы мүгедек болу қаупінен арылатын көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина болмаған кезең мен вакцина егіліп жатқан бүгінгі дәуірді салыстыра келе осындай статистика шығарыпты. Алайда, осы статистикаға қарамастан, елімізде соңғы бес жылда екпеден бас тартушылар саны үш есеге артқан. Бірі «екпе табиғи иммунитеттi бұзады» дейді, енді бірі екпенің сапасына күмәнмен қарайды. Діни сеніміне байланысты қарсы болатындар тағы бар. Қазақстан екпеге жыл сайын миллиондаған қаржы бөліп отыр. Бірақ, әлем мойындаған екпе мәселесінде қоғам пікірі неге екіге жарылды? Екпеден бас тартудың зардабы қандай болмақ? Жас нәрестелерге салынатын вакциналар қайда өндіріледі, қайда сақталады?

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу