Осы аптада Нұрлан Ермекбаев Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Нұрлан Ермекбаев Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды

08.04.2018

Нұрлан Ермекбаев Дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатылып, Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. Ал, бұған дейін ол қызметті атқарып келген Владимир Жұмақанов жұмысынан босатылды. Жалпы, Нұрлан Байұзақұлына Президенттің көмекшісі деген лауазым бөтен емес. 2016 жылға дейін осы қызметте болған еді. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылысымен оған жетекшілік етіп, жаңа ведомствоның қалыптасуына қал-қадірінше еңбек сіңірді. Жаңа құрылған министрліктің басшысы ретінде әсіресе, ұстараның жүзіндей қылпылдаған елдегі діни ахуалды барынша реттеп, көптеген заң жобаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге өз ықпалын тигізді. Нұрлан Ермекбаев екі жыл ішінде елеулі істер жасап, өзіне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарды.

Ал, оның орнына Парламент Сенатының депутаты болған Дарxан Кәлетаев тағайындалды. 46 жастағы Дархан Аманұлы да биліктің биігінде әбден ысылған кәсіби, тәжірибелі мамандардың бірі. Бұған дейін элиталық эшелонда жоғары әрі жауапкершілігі зор идеологиялық қызметтер атқарған. Оның жас министрліктің жұмысын одан ары жандандыруға тәжірибесі жеткілікті.

Сонымен қатар, Елбасы Жарлығымен Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин  қызметінен босатылып, орнына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов барды. Ал, Донақовтың орнына Әлия Рақышева келді. Ол бұған дейін Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болған еді.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу