Мұқағалидың әруағына тас атқан кім? Қазақстан мұсылмандар одағы деген қандай ұйым? Кезек дәстүрлі «БАҚ»-қа шолу айдарында. Qamshy.kz тасқыннан зардап шеккен шығыстан ақпар таратқан екен. Даниал Ахметов үйлерін су шайып кеткен тұрғындарға баспана кілтін табыс етіпті. Осылайша, Аягөз қаласында қызыл судан зардап шеккен отбасылардың алғашқы легі жаңа баспанаға қол жеткізді. Облыс әкімі ауданға арнайы барып, үйлі болған әр шаңыраққа теледидар табыстаған.
Qazaquni.kz порталы оқырмандарына «Біздің елімізде жол жүру қауіп-қатері неге жоғары?» деп сауал тастайды. Мақала авторы Зейнолла Абажан алдымен «жолдардың сапасы сын көтермейді», деп мәселе көтереді. Сосын «осы жол құрылысы саласын жемқорлық жайлап алған»,- деп дабыл қағыпты. «Жолға бөлінген қаржы жүз пайыз өз мақсатында жұмсалды» деп бірде-бір әкім немесе жауапты министр ант-су іше алмас» деген автор бұл ретте бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны талан-таражға салып, 3 жылға сотталған «Қазавтожолдың» бұрынғы басшысы Серікжан Мұқашевті мысалға келтіріпті. «Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы» деген атақты Телібековке кім берген?!» Abai.kz-те осындай мақала жарияланыпты. Авторы – Қажымұқан Ғабдолла. Онда осыдан 7 жыл бұрынғы президент сайлауына өзін-өзі ұсынып, мемлекеттік тіл жөніндегі емтиханнан сүрініп, жарыс жолынан шеттетілген Телібеков туралы, нақтысы оның іс-әрекеті жайында айтылады. «...Біз Моңғолиядан, Қытай, Иран мен Ауғанстаннан қазақтарды жинап жатырмыз. Ертең елге қауіп төнсе, мына сырттан келген қазақтар қайтадан қашып кетеді. Елді қорғайтын осындағы ұйғырлар, кәрістер мен орыстар…» деген сөзін оқырмандар есіне салып, аты дырдай, қылығы қылдай «Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы» деген атақты бұл бейбаққа кім берген?!», деп ойын түйіндеген екен автор. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Ғасыр бұрын айтылған данышпан Абайдың осы бір сөздері әлі күнге өзектілігін жойды деп айта алмаймыз. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан «Кезек Мұқағалиға келді ме?» деген шағын пост жариялап, ақиық ақын Мұқағалиға арналған «Мұқағали Мақатаев пен «Жұқағали Бұқатаев» туралы ой толғау» деген белгісіз автордың өлеңінің көшірмесін жариялады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Соңғы кездері Абай, Жамбыл, Сәкен сынды қазақтың біртуар ұлдарын қаралайтын түрлі материалдар жарық көре бастады. «Осындай үрдістің көбеюінен сақтанатын кез келген сияқты»,- дейді онда мақала авторы Шәріпхан Қайсар. Біздің алып-қосарымыз, бүгінгінің шайыры Сабыр Адайдың сөзі ғана. «Әр қазақ менің жалғызым», деген.