Ақордада Орталық Азия елдерінің басшылары кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақордада Орталық Азия елдерінің басшылары кездесті

18.03.2018

Осы апта Ақорда Орталық Азия елдерінің басшыларына айқара есік ашты. Қазақстан, Өзбекстан,Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғыз президенттері Астанада консультативтік жұмыс кездесуін өткізді. Тарихты зерделесек, Қызыл империя құлағалы бес елдің басшысы бар болғаны алты рет оңаша кездескен екен. 1991 жылы Ашхабадта алғаш бас қосқан олар Кеңес одағынан кейінгі іс-жоспарларын талқылады. 1993 жылы Ташкентте тоқайласып, өңірлік серіктестікті сөз етті. Араға екі жыл салып, бестік құрам қайта жолықты. Алайда, бұл жолы кенезесі кепкен Арал теңізінің проблемасын сөз етуден ары аспады.  Ал, 1998 жылғы Ашхабадтағы саммит жабық есік жағдайында өтті. Осы жиынның келер жылында олар тағы да Түрікменстанда жиналды. Бұл жолы бірақ, тәжік-өзбек арасындағы даудың бітімін байласты. Төңірекке Талибаннан төнетін қатерді талқылады. Ал, 2009 жылы Арал мәселесіне байланысты тағы жиналғанымен, аймақтағы су ресурстарын пайдаланудың ортақ шешімін шығара алмады. Содан бері өңір басшыларының жекелеген жүздесулері болмаса, ортақ мәселені алқа қотан отырып шешкен кезі болмапты. Міне, араға 9 жыл салып олар Ақорданың алдына ат байлап отыр. Астанада жиын өтеді дегеннен-ақ жұрт бес басшының басқосуына түрлі болжам айта бастады. Орталық Азия елдерінің алдағы уақыттағы саяси-экономикалық, әлеуметтік серіктестігі қалай жалғасады екен деп қызығушылық танытты бәрі. Сонымен, Орталық Азия елдері басшыларының төрт көзі түгел жиналған оңаша отырысында қандай соқталы да сойлы әңгіме айтылды?

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу